2238 Фото: коллаж politico.kz
Журналист Дана Нұржігіт актриса Меруерт Өтекешоваға пәтер сыйлаған продюсер Баян Мақсатқызы мен Алагөзовтер отбасына қатысты әсерлі жазба жариялады, деп хабарлайды Politico.kz.
Тележүргізуші бұл отбасының әрекетін қоғамға үлгі боларлық азаматтық ұстаным әрі ұлттық құндылықтарға көрсетілген құрмет ретінде бағалады.
Дана Нұржігіттің айтуынша, Алагөзовтер отбасы ел ішінде кәсіп жүргізіп, отандық брендтерді дамытуға үлес қосып жүрген санаулы әулеттердің бірі. Ол олардың қоғаммен бірге болып, халыққа қолдау көрсету идеясын насихаттап жүргенін ерекше атап өтті.
«Алагөзовтердің отбасы жабайы буржуазия заманы аяқталғанының айқын дәлелі. Саналы қоғамға бетбұрыс, “өле жемей, бөле же! Халықпен бірге бол! Ортақ қазанға құйып, берекесін елмен бірге көр!” деген идеологияны қалыптастырып жатқан бірден бір отбасы», – деп жазды Дана Нұржігіт.
Журналист әсіресе Қыз Жібек фильміндегі басты рөлі арқылы халықтың сүйіспеншілігіне бөленген Меруерт Өтекешоваға жаңа баспана сыйлау әрекетін ерекше құрметтің белгісі деп атады.
«Жұртта қалған Қыз Жібегімізді салтанатты түрде, мәртебесіне сай – Патшайымдай сұлуымыздың өзі қалаған жерінен, өзінің сұқ саусағымен көрсететін Ақ Шаңқайлы үйіне құрметтеп қоныстандыратын болды. Міне, жомарттық, міне дәріптеу деген қандай болу керек!» – деді ол.
Сөз соңында тележүргізуші Баян Мақсатқызының бұл әрекеті көпшілікке өнеге болуы керек екенін айтып, оған ризашылығын білдірді.
«Осындай да “Мен бармын!” деп оқ болып атылған жалғыз қызымыздың үнін естіп төбем көкке бір-ақ жетті-ау! Жарайсың, Баян!» – деп жазды Дана Нұржігіт.