891 Фото: коллаж Ulysmedia.kz
Қазақстанда мемлекеттік қызметкерлердің жалақысы өңірге және атқаратын қызметіне қарай айтарлықтай өзгереді. Ең жоғары жалақы Астана мен Алматы қалаларында тіркелген, деп хабарлайды Politico.kz Finprom.kz порталына сілтеме жасап.
Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, мемлекеттік басқару, қорғаныс және міндетті әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы ең жоғары орташа айлық жалақы Астанада тіркелген. Мұнда шенеуніктер орта есеппен 618 мың теңге алады. Бұл ел бойынша орташа көрсеткіштен 66 пайызға жоғары. Екінші орында Алматы қаласы тұр — 418 мың теңге. Сарапшылар мұны республикалық және өңіраралық мемлекеттік органдардың екі мегаполисте көп шоғырлануымен байланыстырады.
Жалақысы жоғары өңірлер қатарында Қызылорда облысы (373,8 мың теңге), Алматы облысы (357,5 мың теңге) және Ақмола облысы (349,4 мың теңге) да бар. Ал ең төмен көрсеткіш Жамбыл облысында тіркелген — 301,9 мың теңге. Сондай-ақ төмен жалақы Шымкент қаласы, Павлодар облысы және Абай облысында байқалған.
Сарапшылардың айтуынша, Астанадағы 618 мың теңгелік көрсеткіш ресми орташа жалақыдан әлдеқайда жоғары болғанымен, модальды жалақымен салыстырғанда айырмашылық тіпті үлкен. Өткен жылы
Қазақстанда ең жиі кездесетін жалақы көлемі 223,2 мың теңге болған. Бұл астаналық мемлекеттік қызметкерлердің табысынан шамамен үш есе төмен.
Жалақы көлеміне қызмет саласы да тікелей әсер етеді. Мысалы, міндетті әлеуметтік қамсыздандыру бағытындағы мамандардың айлығы 1 миллион теңгеден асқан. Ал халықаралық қызмет саласындағы шенеуніктер шамамен 679,8 мың теңге алған. Республикалық деңгейдегі мемлекеттік органдар қызметкерлерінің орташа табысы 764,1 мың теңгені құраса, жергілікті атқарушы органдарда бұл көрсеткіш 396 мың теңге шамасында. Ауылдық деңгейдегі мемлекеттік қызметкерлердің орташа жалақысы 245,9 мың теңгеге дейін төмендейді.
Ұлттық статистика бюросы 2025 жылдан бастап әкімдер, министрлер мен депутаттардың жалақысы туралы деректерді жария тізімнен алып тастаған. Сондықтан ең жоғары жалақы алатын шенеуніктер статистикада көрсетілмейді. Қолда бар мәліметтер бойынша, ең жоғары табыс табатындардың қатарында судьялар бар — олардың айлығы 1 миллион теңгеден асады. Сонымен қатар сапаны бақылау инженерлері мен ревизиялық комиссия төрағалары да жоғары жалақы алатын мамандар қатарына енген.
Ал мемлекеттік сектордағы ең төмен жалақы техникалық қызметкерлерге тиесілі. Атап айтқанда, техникалық қолдау мамандары, хатшылар, жүргізушілер, аула тазалаушылар мен компьютер операторларының табысы айтарлықтай төмен деңгейде қалып отыр.